Филармонияның жеке дауыстағы дәстүрлі әншісі, ҚР мәдениет саласының үздігі Арафат Искаков Алматы қаласындағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде қазақ өнерінің көрнекті өкілі Дәнеш Рақышевтың 100 жылдығы аясында «Саясында алманың» атты шығармашылық кеш өткізді. Домбыра және сырнайдың сүйемелдеуімен А.Искаков Дәнеш Рақышевтың әндерінен жиналған көрерменге шашу шашты. Сонымен қатар, кеш барысында «Жетісу сазы» ФЭ ансамблі, ҚР мәдениет саласының үздігі С.Есенгелдинова ән шырқап, халықаралық байқаулардың лауреаты, шебер күйші С.Жексембаев әсем күйлерді нақышына келтіре ойнап, көрерменнің көңілін көтеріп тастады. Дәстүрлі өнердің әрін ашып, тылсым табиғатына тұнған бағдарлама әсерлі, мазмұнды өтті. Дәстүрлі өнер саласының майталманы ҚР еңбек сіңірген әртісі Р.Стамғазиев жүрекжарды әсерімен бөлісіп, тілегін білдірді. Ал концертті ҚР еңбек сіңірген қайраткері Н.Жанпейсіов жүргізді.
