М.Төлебаев атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі - өзіндік тарихы бар, қалыптасу жолында Кеңес кезеңі мен тәуелсіз Қазақстан дәуірі алмасқан сәттерге куә болып, ешбір кедергілер мен қиыншылықтарға мойымай, ел игілігі үшін қызмет етіп, бүгінгі күнде ел мақтанышына айналған бірегей өнер ұжымы. Оркестр ұжымы 1990 жылы Талдықорған облыстық филармониясының жанынан құрылды. 1993 жылы атақты композитор ҚСРО Халық әртісі Мұқан Төлебаевтың 80 жылдық мерейтойына орай ҚР Министрлер кабинетінің шешімімен оркестрге композитордың есімі берілді.
Оркестрдің негізін қалап, ұйымдастыруда сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Е. Далбағаевтың, облыстық филармония директоры Т. Алшабековтың, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Н.Тілендиев атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық халық аспаптары оркестрінің дирижері болған Жамағат Темірғалиевтің үлесі зор. Алғашында оркестрдің бас дирижеры және көркемдік жетекшісі қызметін атқаруға Ж. Темірғалиев шақырылды. Шығармашылық құрамына Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының, Талдықорғандағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің, І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің музыка факультетінің түлектері тартылды. Кейін 1997 жылы жаңа көркемдік жетекшілікке ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев, бас дирижер қызметіне Мәдениет қайраткері Ерболат Еркенов шақырылды. Ұжым қатары жас, әрі талантты орындаушылармен толықты.
Бүгінгі таңда оркестрдің бас дирижеры ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор - Әли Демегенұлы Алпысбаев, ал көркемдік жетекшісі, дирижеры болып Халықаралық байқаулардың лауреаты, талантты музыкант Медет Есбергенов қызмет етеді. Қазіргі кезде оркестр құрамының аясы кең, оның құрамында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мәдениет қайраткерлері, ҚР Мәдениет саласының үздіктері және де Халықаралық, Республикалық деңгейдегі байқаулардың лауреаттары, дипломанттары бар. Оркестр - білімдері жоғары кәсіби музыканттардан құрылған үлкен шығармашылық ұжым. Ұжым өзінің алғашқы қадамынан бастап, шынайы кәсіби шығармашылық ізденістерді жаңашылдықпен игеруге үлкен ұмтылыстар жасады.Соның нәтижесінде уақыт өткен сайын биікке көтеріліп, өрлеу, өсу үстінде және жетістіктері де аз емес:
2007 жылы Астана қаласында өткен «Серпер» Халықаралық фестивалінің жеңімпазы атанды.
2008 жылы Болгария елінде өткен «София көктемі – 2008» Халықаралық фестивалінің лауреаты атанып, «Алтын» медалімен марапатталған.
Ақтөбе қаласында «Жұбанов көктемі - 2010» Халықаралық фестивалінде І жүлде иегері атанды.
2017 жылы Атырау қаласында өткен Күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлына арналған ұлт аспаптар оркестрлерінің Халықаралық фестиваліне қатысты.
2016 жылы «Таланты мира» қорының шақыруымен Москва қаласындағы Светланов атындағы халықаралық музыка залында өз өнерін көрсетті.
Алматы облысының мәдениет күндері аясында Өзбекстан Республикасының Ташкент қаласында, Түркияның Анталья қаласында, Қырғызстан республикасының Ош қаласында, Оңтүстік Кореяның астанасы Сеул қаласында және т.б. көптеген мемлекеттерде концерттік-гастрольдік сапарда болып, ұлт өнерін өрлетті.
2016 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Мемлекеттік опера және балет театрында, Астана қаласындағы «Конгресс Холлда» Қазақстан Республикасының және Болгария Президенттерінің қатысуымен өткен кездесуде өнерлерін көрсетті.
Халықаралық «Алтын таяқша» дирижерлар байқауы және «Кестелі орамал» вокалистер байқауы, Республикалық «Елге арнау» атты жаңа өнер туындыларына арналған композиторлар байқауы, М. Төлебаевтың туған күніне орай сазгердің туған жері Лепсі кентінде жыл сайын концерт беру - дәстүрлі шаралар.
Оркестрдің 30 жылдық мерейтойы 2021 жылы «Дирижерлар шеруі» айдарымен шет елдерінің және еліміздің көрнекті дирижерларының қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама болып өтті.
Атаулы ұжыммен КСРО Халық әртісі Ш.Қажығалиев, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ж. Темірғалиев, ҚР Еңбек сіңірген әртісі Ж. Бегендіков, Н. Тілендиев атындағы Республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Д. Ғылымов, Ш. Қажығалиев атындағы Республикалық дирижерлер байқауының лауреаты Ж. Бекентұров, Андреев атындағы Санк-Петербург орыс халық аспаптары оркестрінің бас дирижеры Д. Хохлов жұмыс жасаса, оркестрдің сүйемелдеуімен КСРО Халық әртісі Ә. Дінішев, Н. Үсенбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртістері Ұ. Кенжебеков, К. Омарбаев, Қазақстанның Халық әртістері Н. Нүсіпжанов, М.Қазтұрғанова сынды майталмандар өнер көрсеткен.
«Қазақстан композиторлар одағы» басқармасы М.Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрімен әрқашанда шығармашылық байланыста.
Халық туындыларын, Қазақстан композиторларының талантты шығармаларын, әлемдік және классикалық музыка мұраларын кеңінен насихаттап, көрермен қауымды қуантып, өзіндік мәдени мұрасын болашақ ұрпақтарға сеніммен жеткізіп жүрген шығармашылық ұжымның аты ұлттық музыка тұғырында алтын әріптермен жазылатыны сөзсіз.