Эстрадалық-үрмелі аспаптар оркестрі
2007 жылы Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы жанынан құрылды. Оркестрдің алғашқы көркемдік жетекшісі, дирижеры және музыка өңдеушісі болып Темірболат Қасенов тағайындалды. Кейінгі жылдары бұл қызметтерді Виктор Пак және Қайрат Халықов атқарды.
2022 жылдан бері ұжым Дәнеш Рақышев атындағы филармония құрамында еңбек етеді. Көркемдік жетекшісі «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Данияр Жақиянов. Дирижерлары Қайрат Халықов және талантты музыкант Илья Башкатов.
Оркестрдің кәсіби деңгейін көтеру мақсатында еліміздің үрмелі музыка саласындағы Нұрлан Байкөзов, Яков Хан сынды атақты дирижерлармен тығыз қарым-қатынас жасалып, репертуары көптеген шығармалармен толықты. Құрылған күннен бастап оркестр жоғары сұранысқа ие. Республикамыздың және облысымыздың аумағында өтетін ауқымды іс-шараларға белсене қатысады. Атап айтсақ, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған Тараз қаласындағы, Астана қаласындағы Алматы облысының ауылшаруашылық жәрмеңкесі, Астана қаласындағы «Жетісу» саябағының ашылу салтанаты және т.б. сол сынды көптеген іс-шараларға белсенді қатысып, жоғарғы деңгейде өнер көрсетуде. Сонымен қатар, елімізде өтетін музыка фестивальдеріне де арнайы шақыртумен барып, дипломант, лауреат атақтарына ие болды:
- 2018 жылы Петропавл қаласында өткен «Джазовая весна» фестивалінде жоғарғы деңгейде өнер көрсеткені үшін арнайы дипломмен марапатталды,
- Текелі қаласының күніне арналған шарада моно қалалар музыка фестивалінде оркестр лауреат атағына ие болды (2018 жыл).
- 2022 жылы Қостанай қаласында өткен халықаралық «Джазовый бомонд» фестиваліне қатысып, лауреат атанды.
Бірқатар тележобаларға да қатысты:
- 2017 жылы «Қазақстан» ұлттық телеаранасының «Музыкальный перфоманс» бағдарламасында оркестрдің 1 сағаттық жеке концерті түсіріліп, эфирден көрсетілуде.
- Сондай-ақ, оркестр ұжымы бірнеше жыл қатарынан еліміздің барша эстрада жұлдыздарының қатысуымен республика сарайында өтетін «Әндер мен жылдар» жобасының тұрақты қатысушысы (сүйемелдеуші ретінде) болды.
- Еліміздің Жұбаныш Жексенұлы, Құрмаш Махан сынды өнер жұлдыздарымен, «Қазына» вокалды ансамблімен тығыз шығармашылық байланыста еңбек етеді.
Репертуарын кеңейту бағытында оркестр ұжымы тынбай еңбек етеді. Қазіргі таңда 200-ден астам шығармалар және әндермен толықтырылған. Оның ішінде қазақша репертуарға көп көңіл бөлінуде, мәселен, оркестр құрамына қазақтың ұлттық колоритін енгізу бағытында домбыра, қобыз аспаптарын қосу жобасы оңтайлы жүзеге асып жатыр.