Эстрадалық-симфониялық оркестр
Эстрадалық-симфониялық оркестр облыс әкімінің қолдауымен 2023 жылы ашылды. Ұжымның ережеге сай, толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасалып, музыка аспаптарымен, концерттік костюмдермен қамтамасыз етілді. Көркемдік жетекшісі болып «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстан композиторлар одағының мүшесі, композитор Әли Демегенұлы Алпысбаев тағайындалды. Дирижеры - Халықаралық байқаулардың лауреаты Медет Есбергенов. Оркестр аспапшылары түгелдей дерлік кәсіби білімі бар музыканттар, олар - Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, П.Чайковский атындағы музыка колледжі, Талдықорған қаласындағы Қ.Байсейітов атындағы саз колледжінің түлектері. Қазіргі таңда оркестр репертуары қалыптасып, мәдени шараларда өз өнерімен көрермен қауымды қуантып жүр.
2023 жылдың 27 мамыр күні филармонияның концерт залында эстрадалық-симфониялық оркестрдің ашылуына арналған концерт өтті. Өңірімізде тұңғыш ашылып отырған өнер ұжымының ашылу салтанатына облыс әкімі Б.Исабаев қатысып, сәттілік пен шығармашылық өрлеу тіледі. Сонымен қатар, облысымыздың құрылғанына 1 жыл толуына орай өткізілген мәдени шаралар қатарында оркестр ұжымы «Жастар» демалыс және мәдениет саябағында өткен ауқымды концертке қатысып, филармония әншілерінің орындауындағы жер жаннаты Жетісу өлкесі туралы, оның тамаша табиғаты мен көркемдігі туралы, елімізге деген сүйіспеншілікке толы тарту еткен әндерді сүйемелдеп, қала тұрғындары мен қонақтарына әдемі де әсерлі саз кешін сыйлады.